Дархан Мыңбай Германияның Қоныс аударушылар мен аз ұлт істері жөніндегі федералдық үкіметінің уәкілі, Бундестаг депутаты Хартмут Кошикпен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбайдың Германияның Қоныс аударушылар мен аз ұлт істері жөніндегі федералдық үкіметінің уәкілі, Бундестаг депутаты Хартмут Кошикпен кездесуі болып өтті.
Кездесу барысында Д.Мыңбай Германиядан келген қонақтарды ҚХА-ның құрылу тарихымен, конституциялық мәртебесімен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша міндеттері және жүргізетін жұмыстарымен, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Ассамблея депутаттарының қызметімен, ҚХА-ның халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмысымен таныстырды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары елдер арасындағы қатынастардың терең сенімге құрылған және ашық сипатын, ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Федералдық Канцлер А.Меркельдің тұрақты түрде тікелей байланыста болатынын атап көрсетіп, Қазақстан немістерінің қоғамдық бірлестіктерінің «Возрождение» («Wiedergeburt») қауымдастығының қызметі туралы әңгімеледі.
Д.Мыңбай Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын тиімді іске асырудың ел үшін маңыздылығын атап көрсетті.
ГФР делегациясының өкілдері этносаралық тұрақтылықты сақтау мен қоғамдық келісімді нығайтудағы, республикада тұратын барлық этностардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріндегі Қазақстанның оң тәжірибесін және Ассамблеяның маңызды рөлін атап айтты.
Шетелдік қонақтар «Астана опера» әртістерімен және Павлодар музыкалық колледжінің студенттерімен бірге Павлодар облысында өткен неміс мәдениеті мен классикалық неміс музыкасының фестиваліне қатысқандары, оның барысында Қазақстан немістерінің мәдениетін, тілі мен дәстүрлерін дамыту үшін барлық жағдайлар жасалғанына іс жүзінде көз жеткізгендері туралы әңгімелеп берді.
Кездесуді қорытындылай келе ҚХА төрағасының орынбасары Х.Кошик пен Г.Цертикті Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясына қатысуға шақырды.