Ташкентте «ҚТЖ» АҚ» ҰҚ мен «Узбекистон темир йуллари» АҚ делегацияларының кездесуі аяқталды. Онда бастапқыда екі ел үкіметтері уағдаласқан № 1/2 «Алматы-Ташкент» халықаралық жүрдек пойызын шығару туралы келісімді жүзеге асырудың техникалық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды pm.kz.
Кездесу қорытындысы бойынша төмендегі мәселелер пысықталып, шешімін тапты:
- мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларды алып жүретін адамдарға арналған орындарға 70% көлемінде өзара жеңілдік беру туралы;
- қол жүктері мен жүк багаждарын тасымалдау тәртібі туралы;
- № 1/2 «Алматы-Ташкент» жүрдек пойызының қатынау кестесі туралы және т.б.
Наурыз мерекесінің қарсаңында жаңа тұрпаттағы кең кузовты «Тұлпар-Тальго» вагондарынан тұратын № 1/2 «Алматы-Ташкент» жүрдек пойызының жолға шығатынын естеріңізге саламыз.
Пойыз Алматыдан дүйсенбі мен сенбі күндері, ал Ташкенттен сейсенбі мен жексенбі күндерінде қатынайтын болады.
Жолда жүретін уақыты шамамен 16 сағат 30 минут. Аялдайтын бекеттері: Отар, Шу, Тараз, Шымкент, Сарыағаш және Ташкент.
Фото: temirzholy.kz