Қолдау сөзінің өзі кейде адамға үлкен күш береді. Ал қиындыққа тап болған жанның жанынан табылу – қоғамның адамгершілік өлшемі. Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік халықаралық науқан аясында Шымкентте «Әйел – әйелге тірек» атты шара өтіп, әйелдердің құқығы мен қауіпсіздігі, өзара қолдау мәселелері көтерілді.Полиция департаменті қызметкерінің мәліметінше, қала аумағында тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылық жағдайларының саны біршама азайған. Дегенмен, мәселенің алдын алу жұмыстары әлі де өзекті. Іс-шара барысында жастарға қауіп-қатерден сақтану, зорлық-зомбылықтың белгілерін тану және мұндай жағдайда көмекке жүгіну жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ тақырыпты тереңірек жеткізу мақсатында арнайы қойылым ұсынылды.
Зорлық-зомбылықтың алдын алуда психологиялық қолдау да маңызды рөл атқарады. Жастар ресурстық орталығының мамандары бұл бағытта тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Орталық психологтары қиын жағдайға тап болған азаматтарға моральдық қолдау көрсетіп, мәселеден шығу жолдарын бірге қарастырады. Мұндай көмектің басты мақсаты – адамды жалғыз қалдырмай, өз құқығын қорғауға және көмек сұрауға ынталандыру.Жиында Қалалық әйелдер кеңесінің төрағасы да сөз алып, қоғамдағы әйелдің орны мен құқықтарына тоқталды. Гендерлік теңдік мәселесін көтеріп, әйелдердің мүмкіндігі мен қадір-қасиетін құрметтеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ қоғамның өткен кезеңі мен бүгінгі тынысын салыстыра отырып, әйел құқығын қорғау бағытында көзқарас пен түсініктің өзгергеніне тоқталды.Зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастыру – бір күндік науқанмен шектелмейтін жұмыс. Ол ең алдымен әр адамның санасындағы құрметтен, түсіністік пен жауапкершіліктен басталады. «Әйел – әйелге тірек» бастамасы да осындай құндылықтарды дәріптеп, қоғамда өзара қолдау мәдениетін нығайтуға бағытталған.


