Елімізде ұлттық университет мәртебесін тағы бір оқу ордасы алды. 80 жылдық тарихы бар қара шаңырақ саналатын Мұхтар Әуезов университетіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Шешімді Мемлекет басшысы Астанада өткен стратегиялық серіктестердің халықаралық форумында жариялады. Бұл жаңалық оқу ордасының тынысын кеңейтіп, білім мен ғылымның жаңа дәуіріне жол ашады.
Мәртебесі өскен оқу орнында енді ауқымды жаңғыру жұмыстары басталды. Мәселен, Мемлекет басшысының қолдауымен білім ордасында «Халықтық құрылыс» жобасы қолға алынбақ. Арнайы бөлінген қаржы есебінен университет аумағында жаңа оқу корпустары, заманауи зертханалар мен жатақханалар бой көтермек. Университет ректорының айтуынша, бұл бастама жаңа мәртебе талаптарына сай білім сапасын нығайтуға үлкен серпін береді.
Астана мен Алматыда жетекші ұлттық университеттер шоғырланса, енді бұл қатарға шаһардағы қара шаңырақ – Әуезов университеті де қосылмақ. Бұл жаңалықты оқу орнының студенттері де ерекше қуанышпен қабылдады. Жастар орталығы директорының айтуынша, жаңа мәртебе білікті мамандар даярлау ісіне тың серпін беріп, үлкен жауапкершілік жүктемек.
1943 жылы іргесі қаланған бұл білім ордасында 17 мыңнан астам жас оқып жатыр. Университет халықаралық деңгейде белсенді дамып, АҚШ-тың Аризона штаты университетімен және Түркияның Гази университетімен байланыстар орнатқан. Енді жаңа мәртебе оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға жол ашпақ.
Ұлттық мәртебе – жаңа мүмкіндіктер мен үлкен ғылыми жетістіктердің бастауы болмақ. Осылайша, оңтүстіктің бас оқу орны бұл мәртебемен бірге үлкен жауапкершілік жүгін арқалап, ел игілігі жолындағы жаңа белеске қадам басты.