Таеквондоның пумсэ бағыты елімізде ресми спорттық пән ретінде танылды. Әсте, бұл – аталған бағыттың абыройын арттырып, дамуына жаңа мүмкіндік беретін жаңалық. Осыған орай Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының пумсэ бағыты бойынша вице-президенті Қанат Болатбекұлы Шымкентке арнайы келді.
Жұмыс сапары аясында федерация өкілі Hwarang таеквондо академиясының тыныс-тіршілігімен танысты. Федерацияның басты мақсаты – пумсэ бағытын еліміздің барлық өңірінде дамыту. Соңғы екі жылда бұл бағыт ресми тізілімге енгізілмеуіне байланысты оның дамуы жүйелі жолға қойылмаған еді. Алайда Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұйрығына сәйкес, 13 қарашада «Таеквондо WT» спорт түрінің жеке пәні ретінде ресми танылды.
Қалай десек те, бұл – тың бағыттың тамырына қан жүгіртіп, өрісін кеңейтуге бастайтын маңызды қадам. Ендігі міндет – пумсэ бағытының әлеуетін тек Астана мен Алматыда ғана емес, еліміздің барлық өңірінде дамыту. Осылай деген федерация өкілдері Шымкент қаласы мен Түркістан облысының спорттық әлеуетін зерделеп, балалардың осы спорт түрімен айналысу мүмкіндіктерін бағалауды жоспарлап отыр.
Жүздесу барысында жас өрендердің қарым-қабілеті мен шеберлігі сынға түсіп, пумсе бағыты бойынша жаттығу барысы көпшілік назарына ұсынылды. №18 спорт мектебінің директоры шаһарда осы спорт түрімен айналысатын спортшылардың 70 пайызы – өз шәкірттері екенін атап өтті. Бұл – пумсэ өнерінің жас буын арасында тамыр жайып, өрісін кеңейтіп келе жатқанының айғағы.
Пумсэ бағытына шаһар қыздарының да ықыласы ерекше. Солардың бірі – Ақерке Қасым. Жас спортшы таеквондомен екі жылдан бері шұғылданады, ал пумсэ бағытына келгеніне жарты жылға жуықтаған. Қазір ол алдағы Қазақстан чемпионатына қызу дайындық үстінде. Өнерін шыңдап, додалы бәсекеде бақ сынауға бекінген.
Жаттықтырушылардың айтуынша, пумсэ бағытына ресми мәртебе берілуі спортшыларға рейтингтік ұпай жинауға, спорттық атақтар мен дәрежелер алуға, сондай-ақ халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Жалпы, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша «Хваранг» таеквондо академиясында 1200-ден астам спортшы жаттығады. Оның 100-ден астамы пумсэ бағытымен айналысады.
Федерация өкілдері «Хваранг» академиясының даму деңгейі мен қажеттіліктерін саралап, алдағы уақытта мемлекеттік органдар немесе федерация тарапынан қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастырмақ. Бұл – пумсэ бағытының тынысын кеңейтіп, өңірде жүйелі дамуына жол ашатын бастама.