Биыл Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгеніне 33 жыл. Тәуелсіздіктің төл белгісіне айналған ұлттық валюта күніне орай шаһарда «Төл теңгеміз – тәуелсіздік нышаны» атты көрме ұйымдастырылды. Тағылымды шарада теңгенің тарихы мен қалыптасу жолы кеңінен таныстырылып, қаржы саласының мамандарына құрмет көрсетілді.
1993 жылдың 15 қарашасында айналымға енген ұлттық валютамыздың алғашқы банкноттары Ұлыбританияда басылып шықты. Содан бері теңге талай тарихи кезеңді еңсеріп, ел экономикасының дербес нышанына айналды. Ұлттық валюта күніне орай өткен шарада қаржы саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маманға құрмет көрсетілді. Олардың еңбегі қала әкімінің марапаттарымен және Ұлттық банкінің Шымкент қалалық филиалы басшылығы атынан табысталған алғыс хаттармен атап өтілді.
Ұлттық валюта күніне орай «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Шымкент қалалық филиалында арнайы көшпелі көрме ұйымдастырды.
Көрменің басты мақсаты – Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарына және шаһар қонақтарына төл теңгеміздің терең тарихын, қалыптасу жолын, әр кезеңдегі ерекшеліктері мен өзгерістерін таныстыру. Сонымен қатар ұлттық валютаның қадір-қасиетін кейінгі ұрпаққа дәріптеп, тарихи маңызын кеңінен насихаттау көзделген.
Айта кетейік, көрме Ұлттық банк филиалы басшылығының қолдауымен өткізіліп отыр.