Қазақстандық ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс медаль иеленіп, ел мерейін үстем етті. Шымкенттік спортшы халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетіп, әлемнің үздік ауыр атлеттері қатарынан көрінді.
Отандасымыз қос сайыс қорытындысы бойынша 399 келі салмақты еңсерді. Атап айтқанда, жұлқа көтеруде 182 келіні бағындырса, серпе көтеруде 217 келіні көтерді. Бұл нәтиже оған әлем чемпионатының күміс жүлдесін алуға мүмкіндік берді.
Жарыстың қорытындысы бойынша алтын медаль Болгария спортшысы Карлос Насарға бұйырды. Ол қос сайыста 415 келі (185+230) нәтижесін тіркеді. Екінші орынды 399 келімен Нұрғиса Әділетұлы иеленсе, Иран өкілі Әли Алипур 396 келі (181+215) нәтижемен қола жүлдеге қол жеткізді.
Әлемдік аренадағы бұл жетістік – отандық ауыр атлетика мектебінің әлеуетін тағы бір мәрте танытқан нәтиже. Шымкенттен шыққан спортшының дүбірлі додада жүлдегер атануы қаладағы спорт инфрақұрылымын дамыту, жас таланттарды қолдау және бұқаралық әрі кәсіби спортты өркендету бағытындағы жұмыстардың маңызын да айқындай түседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын кәсіби спортшыларды қолдау міндеттерін үнемі назарда ұстап келеді. Нұрғиса Әділетұлының әлем чемпионатындағы табысы – осы бағыттағы еңбектің жарқын нәтижелерінің бірі.
Шымкенттік ауыр атлеттің күміс жүлдесі – ел спорты үшін маңызды жетістік. Бұл жеңіс жас спортшыларға жігер беріп, биік белестерді бағындыруға ынталандыратыны сөзсіз.









