ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысы жұртшылығымен кездесу барысында Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының басты басымдықтарын баяндай отырып, азық-түлік өнімдерінің экспортына баса мән беріліп отырғанын жеткізді, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
2021 жылға қарай азық-түлік өнімдерінің экспортын 40%-ға арттыру жөніндегі міндетті шешу үшін әр жыл бөлінісінде нақты индикаторлар айқындалған. Ағымдағы жылы 10%-ға арттыру күтілуде.
Ресей, Қытай және Иран нарықтары бойынша арнайы жол карталары қабылданып, Үндістан және Парсы шығанағы елдері бойынша әзірлену үстінде. Бұл ретте, регламенттер мен стандарттарды үндестіруге баса назар аударылады.
ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес экспорттық саясаттың басымдығы экологиялық таза өнім болып табылады. Ұлттық сертификаттау және бақылау жүйесін құру, органикалық өнім өндіруді ынталандыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
Ақпарат көзі: Baq.kz