ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев іс-сапармен Мақтарал ауданына келді. Ауданның ағын су жүйелерінің қазіргі жағдайымен танысқан су басшысы аудан тұрғындарымен арнайы жиын өткізді. Жиында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Мақтарал аудандық филиалының басшысы Байжан Әліпбеков өңірдегі ағын су мәселесіндегі атқарылып жатқан жұмыстар мен ПУИД-2 жобасының аясында атқарылуы тиіс жұмыстар туралы баяндама жасады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша іске асырылып жатқан «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру (ПУИД-2)» жобасының екінші кезеңі аясында Мақтарал ауданындағы суармалы жерлердің тұздану дәрежесін болдырмау үшін облысқа бөлінетін 32 миллиард теңгенің 22 миллиард теңгесі дәл осы өңірге бөлінетіндігін Ислам Әбішев атап өтті.
«Мақтарал – әрдайым Елбасымыздың, Үкіметтің, біздің назарымыздан шыққан емес. Біз мұндағы ағын су мәселелерімен жақсы таныспыз. Достық каналынан Өзбекстанның 112 мың гектар жері, Қазақстанның 136 мың гектар жері су ішеді. Біз Өзбекстан Респуликасымен келісіп, суды пропорцияналды түрде бөлісетін болдық. Бұрын көрші мемлекет өздерінің гидро посттарына бізді жібермейтін, ал қазір біз оларды тексере алатындай уағдаластыққа қол жеткіздік. Сондықтан, биыл Мақтаралда ағын су мәселесі болуы тиіс емес» — деді И.Әбішев.
Жиын соңында аудан шаруалары И.Әбішевке мәселе көтеріп, сұрақтар қойып, мардымды жауаптар алды.
Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі