Шымкентте пайдалануға берілген тұрғын үйлердің сапасы тұрақты бақылауда. Қазір қалада 175 көпқабатты тұрғын үй кепілдік мерзімінде тұр. Анықталған құрылыс кемшіліктерін жою мердігер мекемелердің міндетіне жатады. Алайда өз міндеттемесін тиісті деңгейде орындамаған мердігер мекемеге әкімшілік айыппұл салынды. Тағы үш ұйымға қатысты сотқа талап арыз беріліп, сот процестері жүргізіліп жатыр. 2026 жылы Шымкент қалалық құрылыс басқармасы тарапынан жалпы құны шамамен 138 миллиард теңгені құрайтын 66 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 32 көпқабатты тұрғын үй, 3 инженерлік инфрақұрылым нысаны және 31 әлеуметтік мақсаттағы ғимарат бар. Құрылыстар бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Басқарма тұрғын үй құрылыстарымен қатар ескі тұрғын үй қорын жаңғырту мәселесіне де басымдық беруде. Осы мақсатта қаладағы бес аудан әкімдігімен бірлесіп, тозығы жеткен тұрғын үйлердің толық тізімі жасақталған. Алдағы уақытта қажетті қаржы бөлінген жағдайда әр үйдің техникалық жағдайына арнайы сараптама жүргізіліп, апаттылық деңгейі анықталады. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қалада әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқын алған. Бүгінде мектептер, балабақшалар және өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысы қатар жүргізілуде. Жаңа нысандар халық санының өсуіне сай әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруды көздейді. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар саны да көбеймек. Тұран және Бозарық шағын аудандарында салынған тұрғын үйлер бойынша бірнеше мердігер мекемемен сот процестері жүріп жатыр. Талап арыздардың негізгі себебі – кепілдік мерзімінде анықталған ақаулардың уақытылы жойылмауы және мердігердің келісімшарттағы міндеттемелерін толық орындамауы. Құрылыс басқармасы бұл мәселелер заң аясында шешілетінін мәлімдеді. Жауаптылардың сөзінше, пайдалануға берілген әрбір тұрғын үй кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін бақылаудан тыс қалмайды. Тұрғындардан түскен шағымдар зерделеніп, анықталған кемшіліктерді мердігер мекемелер өз қаражаты есебінен қалпына келтіруге міндетті. Бұл – қаладағы құрылыс сапасын арттыруға бағытталған негізгі тетіктердің бірі.











