Әділетті қоғамға – шыншыл сөз. Қарапайым сөз болып естілгенімен, бұл атаудың астарында 1994 жылдан бері жинақталған ойлар жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары айтқан сөздері топтастырылған кітаптың мазмұнын дөңгелек үстелде зиялы қауым талқыға салды.
Алатау қанша биік болса да – ай астында, адамзат қанша биік болса да – заң астында. Осы тұрғыдан алғанда, кітаптағы ойлардың қоғам үшін орны ерекше. Себебі әділетті қоғамның негізі – заңға құрмет пен жауапкершілік.
Еңбекті талқылаған зиялы қауым өкілдерінің бірі Құлбек Ергөбек мұны Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1993 жылы жарық көрген «Бұл қалай болған еді… Пекиндегі толқулар хроникасы» кітабымен сабақтастырады. Егер алғашқы еңбек дипломаттың көзімен тарихи оқиғаны баян етсе, жаңа жинақта мемлекет пен қоғамның даму жолына қатысты жылдар бойы айтылған ойлар топтастырылған.Кітаптағы ойлар тек бүгінгі қоғам үшін ғана емес, жас ұрпақ үшін де маңызды. Себебі елдің тарихын, мемлекеттің қалыптасу жолын және қоғам алдындағы жауапкершілікті түсіну – болашақты дұрыс құрудың негізі.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының мәні оны бір рет оқып шығумен шектелмейді. Ондағы ойларды қоғамда, әсіресе жастар арасында талқылаудың маңызы зор. Өйткені әділетті қоғам – бір адамның емес, барша азаматтың ортақ жауапкершілігі.