«Шымкент Барысы – 2026» турнирі биыл да ұлттық спорт жанкүйерлерін бір алаңға жинады. Дәстүрлі дода балуандардың жеребе тарту рәсімімен басталды. Шымкенттің кіл мықты палуандары бас қосқан жарыста әрбір балуан жеңіс үшін бар күш-жігерін салды. Турнирдің салтанатты ашылуында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Турнир барысында тек белдесулер ғана емес, көрерменге арналған қызықты ойындар да ұйымдастырылды. Белсенді қатысқан жанкүйерлерге бағалы сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Осылайша ұлттық спорт мерекесі ерекше атмосферада өтті. Үздіктер қатысқан бәсекеде бас жүлдені Нұрдәулет Бақтыбайұлы жеңіп алып, «Шымкент Барысы – 2026» атағын иеленді. Екінші орын Нұрсұлтан Қожагелдіұлына бұйырса, үшінші орынды Айбол Нысанәлі еншіледі. Жеңімпаздар арнайы кубок, медаль және қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ұлттық рухты асқақтатқан айтулы дода көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, қазақ күресінің мәртебесін тағы бір мәрте биіктете түсті.
