Бір күн. Ондаған тапсырма. Жүздеген адамның қауіпсіздігі. Бұл – полиция қызметкерінің қалыпты жұмыс күні. Форманың ар жағында қандай жауапкершілік жатыр? Әріптесім полиция подполковнигі Ербол Айтбайұлының бір күндік қызметіне куә болды. Бірге көрейік. Таңғы сағат сегіз. Кезекті жұмыс күні дәстүрлі саптық жиыннан басталады. Мұнда өткен тәуліктің қорытындысы шығарылып, жаңа тапсырмалар жүктеледі. Қоғамдық тәртіпті сақтау, профилактикалық жұмыстар, учаскелік инспекторлар мен патрульдік полицияның қызметі – бәрі бір орталықтан үйлестіріледі. Әр тапсырманың артында тұрғындардың, жалпы қоғамның қауіпсіздігі тұр.
Кабинеттегі жұмыс сырт көзге тыныш көрінгенімен, әр құжат пен әр есеп нақты жағдайларға негізделген. Азаматтардың өтініштері қаралып, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жоспарланады. Қажет болған жағдайда бөлім бастығы өзі де оқиға орнына барып, қызметкерлердің жұмысын бақылайды. Себебі қоғамдық қауіпсіздік қағаз жүзінде емес, нақты әрекетпен қамтамасыз етіледі.
Күннің екінші жартысында тұрғындармен кездесу мен профилактикалық рейдтер жалғасады. Көпқабатты үйлердің аулалары, адам көп жиналатын орындар, білім беру ұйымдарының маңы – барлығы бақылауда. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алып, халықпен ашық байланыс орнату.
Кеш батқанымен, полиция қызметі тоқтамайды. Кезекшілік жалғасып, тәулік бойы түскен ақпараттар сараланады. Ертең тағы жаңа міндеттер күтіп тұр. Себебі полиция қызметкері үшін жұмыс уақыты сағатпен емес, азаматтардың қауіпсіздігімен өлшенеді. Бір күн осылай аяқталғанымен, ел тыныштығын күзету жолындағы қызмет ешқашан тоқтамайды.