Білім саласы бойынша 3-ші мегаполисте тағы бір тарихи сәт. №140 мектепте алғаш рет халықаралық стандартқа сай күрес залы пайдалануға берілді. «Атилла» деп аталған спорт нысаны талапқа толық сәйкес келеді. Оны арнайы сертификат табыстаған Қазақстан күрес федерациясы растады.
Жаңа залда халықаралық талапқа сай бозкілем төселіп, кәсіби жаттығуға қажетті барлық жағдай қарастырылған. Жаттығу залының халықаралық талапқа сай келетіні туралы Құжатты федерация төрағасы Еркін Қадырғалиұлы білім беру ұйымының әкімшілігіне салтанатты түрде тапсырды. Енді оқушылар мектеп қабырғасында-ақ білікті бапкерлердің жетекшілігімен жаттығып, ірі жарыстарға дайындалуға мүмкіндік алады.
Салтанатты рәсім барысында құрметті қонақтар спорттың жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқталып, мұндай жобалар болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге берік негіз қалайтынын айтты.
«Атилла» атауы – батылдық пен қайсарлықтың символы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл атау жас балуандарға рух беріп, олардың жеңіске деген жігерін арттыруды мақсат етеді.
Бүгінде күреске қызығатын оқушылардың қатары артып келеді. Сондықтан жаңа спорт залдың ашылуы мектеп өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналып отыр. Енді дәл осы бозкілемнен ел намысын қорғайтын талай саңлақтың шығатынына көпшілік сенім білдіруде.