Әскери тәртіп – Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін айқындайтын басты талаптардың бірі. Әскери жарғыны бұзу тек тәртіптік жауапкершілікке ғана емес, жауынгерлік дайындыққа да кері әсер етеді. Осыған байланысты Шымкент гарнизонында сарбаздарға әскери полицияның қызметі таныстырылып, құқық бұзушылықтың салдары жан-жақты түсіндірілді. Танымдық экскурсия барысында сарбаздар гарнизондық гауптвахтаның жұмысымен танысып, әскери полицияның күнделікті қызметін көрді.
Мамандар әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін, әскери жарғылар талаптарын сақтау және заң алдындағы жауапкершілік туралы кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мен әскери тәртіптің маңызы түсіндірілді. Мамандардың айтуынша, мұндай тәрбиелік кездесулер сарбаздардың құқықтық сауатын арттырып, әскери қызметке деген жауапкершілігін күшейтеді. Бұл – тәртіпті нығайтып қана қоймай, заңды құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі.










