Шымкент қаласы әкімінің халықпен көшпелі кездесуі бұл жолы Әл-Фараби ауданында өтті. Қала басшысымен жүздесуге келген тұрғындар көкейлерінде жүрген мәселелерді ашық айтты. Бірі баспана кезегінің жайын көтерсе, енді бірі жер телімі мен көгілдір отынға қатысты түйткілдерін жеткізді.
Осыған дейінгі кездесулерде тұрғындар көбіне жол, инфрақұрылым және жарықтандыру мәселелерін көтеретін. Ал бұл жолғы жиында тұрғындардың басым бөлігі қала әкімі Ғабит Сыздықбековке жеке мәселелері бойынша жүгінді. Әсіресе тұрғын үй кезегі мен пәтер алу мәселесіне қатысты сауалдар жиі қойылды. Тұрғындар «Кезегіміз қашан жылжиды?», «Баспанаға қашан қол жеткіземіз?» деген сұрақтарға жауап іздеді. Кездесу барысында аудан тұрғыны Әлімқұлов-2 шағынауданында балалар ойын алаңшасының жетіспейтінін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда екі көпқабатты тұрғын үйге бір ғана ойын алаңшасы қызмет көрсетіп отыр. Сондықтан тұрғындар тағы бір ойын алаңын салуды сұрады.
Ал Алдияров көшесі, 34 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары газ мәселесін көтерді. Айтуларынша, үйлерге газ құбыры 2016 жылы тартылғанымен, көгілдір отын әлі күнге дейін пәтерлерге қосылмаған. Бұл мәселеге қатысты қала әкімі жауапты сала мамандарына арнайы барып, жағдайды жан-жақты тексеруді тапсырды.КСМ: Кездесуде тағы бір өзекті мәселе – газ тұтынуға байланысты салынған айыппұлдар болды. Тұрғындардың айтуынша, қала бойынша 1755 адамға «ҚазТрансГаз» тарапынан айыппұл салынған. Бұл жағдайға алаңдаған тұрғындар мәселенің мән-жайын әкімге ашық жеткізді. Ал жауапты мамандар аталған жағдай бойынша қазіргі таңда сот процестері жүріп жатқанын мәлімдеді. Жиын барысында тұрғындардың барлық сауалы тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Қала әкімі әрбір өтініштің бақылауға алынатынын атап өтті.