Бүгінде елімізде әрбір төртінші адам тұрақты түрде шылым шегеді. Тіпті кейбірі оған толық тәуелді. Темекінің денсаулыққа қауіпті екенін біле тұра, зиянды әдеттен арыла алмай жүргендер аз емес. Соның салдарынан шылымнан болатын өлім-жітім де азаймай отыр. Осыған байланысты Шымкентте мамандар бас қосып, темекіден арылудың тиімді жолдарын талқылады.
Жиында дәрігерлер мен сала мамандары темекінің адам ағзасына тигізетін зияны туралы кеңінен айтып, одан бас тартудың тиімді жолдарын түсіндірді. Мамандардың сөзінше, шылым түтінінің құрамында мыңдаған улы химиялық зат бар. Оның ішінде қатерлі ісікке әкелетін қауіпті қоспалар кездеседі. Дөңгелек үстелде әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесіне басымдық берілді. Қатысушылар темекіден бас тарту үшін спортпен шұғылдану, психолог пен дәрігер көмегіне жүгіну, сондай-ақ ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ қазіргі таңда мамандар жастар арасында темекіге тәуелділіктің алдын алу мақсатында түрлі профилактикалық шаралар қолға алынғандығын айтты.
Соңғы жылдары дәстүрлі темекімен қатар электронды темекі мен вейп қолданушылардың қатары да артып келеді. Әсіресе жастар арасында оның кең таралуы алаңдатып отыр. Көпшілік электронды темекіні кәдімгі шылымға қарағанда зияны аз деп қабылдайды. Алайда дәрігерлер оның да адам ағзасына, соның ішінде өкпе мен жүйке жүйесіне тигізер зияны кәдімгі темекіден кем емес екенін айтады. Мамандардың айтуынша, темекіден бас тартқан адамның денсаулығы уақыт өте келе қалпына келеді. Сондықтан зиянды әдетпен күресті ерте бастау маңызды. Ал 31 мамыр — Дүниежүзілік темекісіз күн аясында мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Дәрігерлер тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстанып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.