Осыдан шамамен бес ай бұрын Тұран ауданына қарасты Айкөл шағын ауданы сапалы ауызсумен толық қамтылды деген ақпарат жарияланған болатын. Алайда арада көп уақыт өтпей, тұрғындар ауызсудың сапасына қатысты шағымдарын білдіре бастады. Осыған байланысты демеушілер есебінен магистралды су құбыры қайта тартылып, нәтижесінде шағын аудан тұрғындары қайтадан сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Тұран ауданы – қарқынды дамып келе жатқан, халық саны тығыз орналасқан аумақтардың бірі. Аудан құрамына 22 шағын аудан кіреді. Ресми мәліметке сүйенсек, олардың барлығы 100 пайыз ауызсу және электр жарығымен қамтылған. Ал табиғи газ жүйесіне келсек, 22 шағын ауданның 19-ына көгілдір отын жеткізілген. Қалған Құрсай мен Жаңаталап шағын аудандарының жаңа құрылыс аумақтары келесі жылы толық газбен қамтылады деп жоспарланып отыр. Дегенмен, мәселе мұнымен бітпейді. Аудандағы өзекті түйткілдердің бірі – кәріз жүйесі. Қазіргі таңда 9 шағын аудан толық орталық кәрізге қосылмаған. Басты назар қаланың орталық бөлігін қамтуға бағытталғанымен, шеткі аумақтардың мәселесі әлі де шешімін күтуде.
Жол мәселесі бойынша көрсеткіш жаман емес. Тұран ауданы толықтай жолмен қамтылған. Асфальт төселген. Алайда 80-ге жуық көшеде жол жабынының тозығы жеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жоспарға енгізілген. Ал тұрғындардың сұранысы тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Әсіресе, балалар ойын алаңшасына деген қажеттілік жоғары. Бірақ жауаптылар әр көшеге ойын алаңшасын салу мүмкін емес екенін алға тартады. Сонымен қатар, ауданға қарасты Төменгі Отырар шағын ауданында көше жарықшамдарының сөніп қалуы да тұрғындарды алаңдатып отыр. Бұл мәселе бойынша жауапты мекемелер тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Жалпы, Тұран ауданы – халқы тығыз, сұранысы жоғары аймақ. Мұнда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда тұрғындар үшін басты өлшем – берілген уәденің орындалуы мен жасалған істің сапасы.











