Қалдыбек Құрманәлі – бала күнінен өнерге жақын болып, өнерде өзіндік өрнек қалыптастырған дарынды сазгер. Оның жүрекке жақын әуендері мен терең мағыналы ән мәтіндері тыңдарманның жан дүниесімен үндесіп, халықтың қошеметіне ие болған. Композитордың туындыларын қазақ эстрадасының таңдаулы өнер майталмандары орындап, әндері ел арасына кеңінен таралған. Бүгінде Қалдыбек Құрманәлінің шығармалары уақыт өткен сайын құндылығы артып, ұлттық музыка өнерінің алтын қорынан лайықты орын алып келеді.
Сазгер өнер мен өнегені қатар ұстанған тұлға. Ол бүгінде өнегелі әке ретінде де көпшілікке үлгі болып келеді. Композитор балаларына да ерекше мәні бар есімдер қойып, ұлттық рух пен тарихи тұлғаларға деген құрметін көрсетті. Мәселен, перзенттерінің арасында Шәмші-Қалдаяқ, Бекзат-Саттархан, Мұхтар-Шахан, иманғали-Тасмағанбет есімді ұлдары бар. Бұл — сазгердің өнерге, елдік рухқа және ұлт тарихына деген айрықша құрметінің көрінісі. Сазгердің шығармашылығы тек ән жазумен ғана шектелмейді. Ол саналы ғұмырын Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Мәдина Ералиева сынды тарихи тұлғалардың өнерін зерттеп, насихаттауға арнады. Композитор қазақ музыкасының шежіресін терең танып, кейінгі буынға жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Сондықтан да оның шығармашылығы – ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде бағаланады. Дөңгелек үстелде сазгердің осы еңбектері мен қазақ руханиятына қосқан үлесі кеңінен талқыланады.
