Шырайлы Шымқаланың мерекесіне Республика жастары да үн қосты. Қала күніне орай өткізілген КВН ойындарына еліміздің әр облыстарынан келген жайдарманшылар әзіл сайысында өнер көрсетті. Оңтүстік жұртшылығын күлкіге көмген көңілді тапқырлар клубының жастары қала әкімінің кубогы үшін бәсекеге түскен болатын. Әзіл кешін тамашалауға келген шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов жүлделі командаларға тиісті марапатты ойын соңында өз қолымен табыс етті. Әзіл сайысында бақ сынаған 9 команданың 3-і өзіміздің өңірден. Ал қалған 6 команда Ақтөбе, Орал, Семей, Алматы секілді алыс аймақтардан келген жайдарманның жалынды жастары. Алғашқы кезеңдегідей КВН ойындарында тек Оңтүстік жастары ғана емес, бүгінде Республиканың өзге облыстары да белсенді. Сондықтан болар, еліміздің басқа да аймақтарынан келген командалар өткір әзілдерімен көрерменнің көңілінен шыға білді. Шымкент қаласы әкімінің кубогы үшін сайысқа түскен құрамалар шырайлы шаһардың қонақжай мінезіне ризашылығын айтып, сәулетті қаланың сәні арта беруіне тілектестігін білдірді.
Жастар орталығының көрермен залы лық толған ойынның өзгеше көрінісі табуының да өз себебі бар. Жайдарманшылардың ойынын тамашалауға қаланың басшы азаматтары мен халық қалаулылары да арнайы келген. КВН тек жеңіл әзіл мен ойнақы қалжыңнын ортасы ғана емес. Ол жастар сөзімен қоғамның өзекті мәселелерін қозғайтын да сайыс. Сол себепті, жайдарманшылар әзіл арасында астарлап бүгінгінің түйіткілді мәселелерін ел ағаларына жеткізе білді.
Расында қызықты өткен ойынды ел ағалары да соңына дейін тамашалады. Алыстан ат терлетіп келген жастарға алғысын айтқан қала әкімі Ғабидолла Рахматуллаұлы көрерменнің көзайымына айналған жайдарманшылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Ойынға төрелік еткен КВНның бұрынғы майталмандары. Бірінен бірі әзілі асып түскен, қалжыңымен күлкіге қарық қылған командалардың үздігін таңдау да оңай емес. Қорыта келгенде жүлдегерлер де анықталды. Бірінші болып, бүгінгі ойынның ең үздік әзілқойы ретінде танылған «Номад» командасының мүшесі Әбдінұр Сұлтанғалиев марапатталды. Ал жүлдегерлер ретінде 3-орын Оралдық «Грант» командасына, 2-орын Ақтөбелік «Фемидаға», 1-орын Шымкенттің «Байдың балалары» тобына бұйырды. Ойынның бас жүлдесін иеленген Семей облысының жастары, Аягөз ауданынан келген «Аягөз» құрамасы.
Әбдімүтәлі ЖҰМАШ