Мегаполистегі қала тұрғындары мен қонақтардың игілігіне ашылған жаңа саябақ қоқыстан тазартылды. Жастар арасында тазалық пен тәртіпті сақтау, оны күнделікті өмірдің маңызды бөлігіне айналдыру мақсатында қолға алынған экологиялық акция Абай ауданына қарасты «Shymsity» саябағында жалғасты. Бүгінгі шараға 50 ден астам ерікті жұмылдырылды.
Жастарды ізгілікке, парасаттылыққа баулу және де барлығымызға ортақ қаламыздың тазалығы мен мәдениеттілігін сақтай отырып, игі шараны жастар арасында насихаттау мақсатында ұйымдастырылып жатқан экологиялық акция үздіксіз жалғасып келеді. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі «Жастар ресурстық орталығы» КММ және Абай ауданы әкімдігі бірлесе отырып, жаңа саябақта тазалық жұмыстарын жүргізді.
Тазалық жұмыстарына «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері, «Jasyl el» еңбек жасағының жастары және қаламыздың 50-ге жуық еріктілері, сондай-ақ, 60-қа жуық коммуналдық мемлекеттік жұмысшылар мен 12 техника жұмылдырылды. Олар саябақтағы қоқыс жәшіктерін тазартып, ағаштарды ретке келтірді. Одан бөлек, көше бойындағы арықтар мен өзге де аумақтары қоқыстан тазартылды. Айта кетейік, игі-шара қаламыздың барлық аудандарында жүзеге асуда.