Тұтынушылардың алған заты сапасыз болып шықса, олардың затты қайтаруға немесе ауыстыруға толық құқығы бар. Мұнда ең бастысы – өзінде тауарлық немесе фискалдық чек болуы керек. Ал өңірімізде, соңғы 5 айда 1902 азаматтың өтініштері қаралып, тұтынушыларға 72 миллион теңге сомасында ақшалай қаражат қайтарылған. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары мәлімдеді.
Тұтынушылар құқығы көп жағдайда заңды білмегендіктен бұзылып жатады. Елімізде тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңда 14-бабына сәйкес тұтынушылар тауарды айырбастауға немесе қайтарып беруге құқылы. Бірақ бірнеше талапты ескеру керек. Олар: тауарды бүлдірмеу, итекеткасын сақтау, тауарды сатып алғаны туралы құжаттарды көрсетуі міндетті. Сондай-ақ, тауарларды 14 күннің ішінде айырбастауға болады. Тұтынушы баға айырмашылығын төлейді. Ал айырбастайтын тауар болмаған жағдайда сатып алушы ақшаны талап етуге құқылы. Бұл туралы “Тұтынушылардың құқықтары мен міндеттерімен таныстыру” тақырыбы аясында өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында дөңгелек үстел түрінде өткен брифингте Оспан Әбиев толық түсіндірді.
Сондай-ақ, брифингте сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің 2024 жылдың соңғы 5 ай көлемінде атқарылған жұмыстарына департамент басшысының орынбасары есеп берді. Жалпы 5 ай көлемінде 9 талап-арыздық жұмыстары бойынша, департамент үшінші тарап ретінде сот отырысына қатысып, 4 талап арыз бойынша соттың оң шешімі тұтынушылардың пайдасына шешілді. Жалпы сомасы 1 миллион 424 мың 750 теңге өндірілген.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйеде жұмыс істеу бойынша 2024 жылдың соңғы 5 айында Е-тұтынушыда жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде пайдаланушылар саны 1558-ге жетіп, тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің саны 412 құрап отыр. Сонымен қатар бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы 112 өтініш келіп түсіп, тиісті жұмыстар атқарылған.