Осы жылдың 8-13 қаңтары аралығында Алматы қаласында Жәутіков атындағы ХХ халықаралық олимпиада өтеді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Оған Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Тәжікстан, Моңғолия, Грузия, Сербия, Үндістан және Румыния сынды әлемнің 14 елінен 55 команда, 600-ге жуық оқушы қатысады.
Олимпиаданың мақсаты – дарынды оқушыларды анықтау, оларды интеллектуалдық тұрғыда одан әрі дамыту және кәсіби бағдарлау үшін жағдай жасау, оқушылар арасында физика, математика және IT білімдерін тарату және насихаттау, сондай-ақ басқа елдердің физика-математикалық мектептерімен халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Ескере өтейік, үш жыл бойы онлайн форматта өткізілген олимпиада биыл оффлайн форматта ұйымдастырылады. Жәутіков атындағы ХХ халықаралық олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты осы жылдың 8 және 13 қаңтарында Almaty Theatre-де өтеді.