Қазақстан мен Тәжікстанның стратегиялық ынтымақтастығы жылдан жылға бекіп келеді. Осыған орай, биыл елімізде Тәжікстанның мәдениет күндері тойланды. Екі елдің достығын бекемдеп, сыйластығын сабақтастыратын іс-шара кең көлемде өткізілді. Шымкентке іс-сапармен келген Тәжікстанның ауыл шаруашылығы министрін, қала әкімі арнайы күтіп алды. Үш күнге созылған шара, көрме орталығында ауыл шаруашылығы өнеркәсіп және ұлттық өнер көрмесі, тарихи-мәдени кешенде Шымқала тарихымен таныстырып, Түркістан сарайында Тәжік халқының өнер көрсетуімен жалғасын тапты.
Шымкентте Тәжікстанның мәдениет күндері өтті. Шара екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына ұйымдастырылды. Осыған орай, бауырлас елден келген делегация 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының мәдени ошақтарымен танысты. «Шымқала» тарихи — мәдени кешеніне Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Хакимзода Курбон бастаған делегация келді. Қонақтарға қала әкімі Мұрат Әйтенов жылы лебізін білдіріп, меймандостық танытты. Ежелгі жібек жолы бойында орналасқан Шымшаһардың мәдениеті мен тарихына қаныққан тәжік елінен келген бауырлар ризалық пейілдерін білдірді.
Делегация құрамында Носирзода Жабор — Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Сафарда Бахтиёр — Индустрия жане жаңа технологиялар министрінің орынбасары, Холмация Рустам — Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Туризмді дамыту комитетінің орынбасары бар. Қонақтарға экскурсияда тарихи және мәдени ескерткіштер, қазақтың қолөнершілер ауылында ұлттық бұйымдар мен тағамдар таныстырылып, гид-экскурсоводтар археологиялық қазба орындардың терең тарихынан хабардар етті.
Кездесуде қонақтарға елімізге белгілі қолөнер шебері Болат Бейсбековтің қолынан шыққан туындылар табысталды. Қазақстандағы Тәжікстан Республикасының мәдени күндері аясында бауырлас елдің өнер және мәдениет жұлдыздарының қатысуымен салтанатты кеш «Түркістан» сарайында жалғасын тапты.