Шымкентте кикбоксингтен ерлер және әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Жарысқа үш мегаполиспен қатар 17 облыстың спортшылары келіп қатысуда. 13-18 тамыз аралығында өтетін сайыста іріктелген мықтылар, әлем чемпионаты Португалияда болатын жарысқа жолдама алады. Мемлекет басшысы «Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде қуатты ұлттың негізін қалыптастыру» деген болатын. Бұл бағытта Шымкентте жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тарқатып айтар болсақ қаламызда 34 спорт мекемесінде 18 мыңнан аса спортшымен 1000-ға жуық жаттықтырушы кәсіби оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Өңірімізде кикбоксинг спортымен 600-ден аса спортшылар тұрақты түрде шұғылданады. Сайыста үш мегаполистен бөлек, 17 облыстың сайыпқырандары, жалпы алғанда 220 жас өз күштерін сынамақ. Жарысқа спорттың осы түрінен әлем чемпиондарын даярлаған білікті маман, ҚР-ның кикбоксингтен бас жаттықтырушысы қатысып спортшыларға сәттілік тіледі.
Астана қаласынан келген спортшы бірінші кезеңде Тараздық қарсыласынан айласын асырып, өз тәжірибесімен бөлісті. Нұрдәулет әр спортшының жарыста алтыннан алқа тағынғысы келетінін айтып, әлем чемпионатына ниетті екенін жеткізді.
Қазіргі таңда бұқаралық спортты дамытумен қатар, жоғары шеберлікті одан әрі жетілдіру жұмыстары әкімдік тарапынан қолға алынып, жастарға қолдау көрсетілуде. Спортпен шұғылданушылардың жағдайы мен мүмкіндіктерін одан әрі жақсарту мақсатында жыл сайын қала аумағында арнайы нысандарымен қатар, қарапайым ойын алаңдарын салу жұмыстары тұрақты жүргізілуде.