Биыл қаламызда 249 544 оқушы 246 мектепте білім алады. Оның ішінде 27.000-ы алғаш рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Мемлекет есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша Шымкенттік білім ордалары жоспарды толығымен орындаған. Сонымен қоса мектеп басшыларын ротациялау бойынша көштің басында тұр.
Алматыдағы «Арман дала» лагеріндегі жаға ұстатарлық жағдайдан соң еліміздегі бірқатар демалыс орындарына қатаң бақылау жүргізілген. Сын түзелмей, мін түзелмес. Өкінішке орай балалардың жазғы демалысын ұйымдастыратын Шымкенттік кей лагерлердің де жұмысы көңіл көншітпейді. Осы сәтте Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева биыл 12 лагерде «қанағаттанбайтын» жағдайлардың кездескенін жасырмады.
Ағымдағы жылдың 10-24 шілде аралығында қала мектептерінің 2023-2024 жаңа оқу жылындағы дайындығына арнайы мониторинг жүргізілген. Жөндеу жұмыстары, материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайы, қауіпсіздік бойынша бақыланған өлшемшарттар нәтижесінде қала мектептері 100% дабыл түймелерімен қамтамасыз етілгені анықталды. 2023 жылға 9 мекеменің ғимаратын қайта жаңартуға тиісті қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда Қазығұрт шағын ауданында орналасқан №66 мектептің оқушылары 1 қыркүйекті өзге мектептерде қарсы алмақ. Себебі құрылыс тек желтоқсан айының 1-ші күні аяқталады деп күтілуде.
Қала мектептерін жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 141 кабинет және 299 дана жабдықталған интерактивті панельдер орнату үшін мемлекеттік сатып алу процедуралары өткізілген. Одан бөлек қаламыздың бас ұстазы білім саласындағы жемқорлық мәселесіне қатысты пікірін білдірді. Білім басқармасындағы кез келген жұмысты ашық порталдан қарауға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Брифинг барысында қаланың бас ұстазы мектептердегі робототехника кабинеттерінің саны артып жатқанын айтты әрі үш ауысымды мектеп мәселесі де оң шешімін тапқан. Осы тұста қаладағы №1 мектептің бастауыш сынып оқушылары жөндеу жұмыстарына сәйкес енді бұрынғы №8 мектеп-гимназиясының ғимаратында білім алмақ.