Шымкент қаласында 9 білім ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақшаның және колледж бен 2 арнайы мектеп- интернатының ғимараты жөндеуден өтеді. Қала әкімі М.Әйтенов құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысын қадағалады. 4-шағынаудандағы №78 орта мектеп ғимараты 2004 жылы салынған. Жобалық қуаттылығы 465 орындық білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде 60 пайызға орындалған. Өндірістік кестеге сай ғимарат тамыз айының ортасында пайдалануға беріледі. Білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша 3 қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялық желілері ауыстырылады.