Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясында шаһардың жаңа Бас жоспары талқыланды. Мұндағы негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру болатын. Бүгінгі жиынға қатысушылар да бұл бойынша сауалдарын жолдап, шешімдер қабылдады. Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов шаһардың алдағы дамуы Бас жоспарға тікелей байланысты екенін айтты. 2035 жылдарға қарай қала халқы 2 млн-ға жуықтайды деген жоспар бар. Соған қазірден бастап дайындалу керектігін жеткізді.
Депутаттар тарапы қаланың жол-көлік логистикасын дамыту, ғылыми-өндірістік орталықтарға арнайы жер бөлу, көгалдандыру мәселелерін талқылап, өз сауалдарын да қойды Бас жоспар Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданады. Үкіметтің арнайы қаулысы шыққан соң, құжат қабылданады.
Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша Шымкент қаласын дамытуда жаңа бас жоспарды дайындауда екі жыл бойы жұмыстар жүргізілген.
Айта кетейік, қаланың Бас жоспарын әзірлеуде тұрғын үй қорының жағдайы, халықтың орналасу тығыздығы, әлеуметтік-мәдени нысандардың орналасуы және басқа бағыттар бойынша талдау жүргізілген. Жобаны әзірлеуде инфрақұрылым нысандарының тұрғындар үшін барынша қолжетімділігі ескерілген.