Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып пробацияның толық жүйесін қабылдаған ел. Елімізде түзету мекемелерінен шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек беру ісі жолға қойылды. Осы орайда, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа өмір» жобасы аясында «Пробация есебінде тұрған азаматтарға көмек» тақырыбында кездесу ұйымдастырды.
Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі. Бүгінгі аталмыш шараның мақсаты — пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, өзге де әлеуметтік-құқықтар мен психологиялық көмек беру болатын.
Қазіргі таңда 35 жасқа дейін 765 азамат сотталғандар есебінде тұр. Оның ішінде – 97 жас жұмыссыз болса, жұмыспен қамтылғандар саны – 585. Сондай-ақ пробация жастары арасында мектептен кейінгі оқу орындарын аяқтамаған жастарда бар. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған – 71 жас бар.
«Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы филиалының басшысы әрі заңгер Айжан Кесебаева сондай-ақ психолог мамандары бүгінгі жиынға арнайы қатысып, сала бағыттары бойынша семинар-тренинг өткізді. Айта кетейік, жыл басынан бері Жастар ресурстық орталығының психологтары 160 жуық азаматқа психологиялық көмек көрсеткен екен.