Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бауыржан Әлтеев жетекшілік еткен жиында қаладағы құрылыс нысандарының сапасы, құрылыс компанияларының жұмыстарын бақылау және қадағалау, қалалық дін істері басқармасы және Төтенше жағдайлар департаментінің атқарған жұмыстары талқыға түсті.
Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Баимбетов құрылыс сапасын күшейту, мердігерлердің жауапкершілігін арттыру жұмыстарынан хабардар етті. Қазіргі таңда Бозарық шағынауданында басқарма тарапынан 54 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 2023 жыл қорытындысы бойынша 49 тұрғын үйді толығымен пайдалануға тапсыру жоспарланған.
Ендігі ретте құрылыс сапасын жақсарту бағытында тапсырыс беруші мен мердігер мекеме арасындағы келісімшартты күшейту мақсатында қосымша талаптар қарастырылған. Анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары да тиісті деңгейде орындалуда. Сондай-ақ, құрылыс материалдарының сапасы жоғары талаппен тексеріліп жатыр. Құрылыс нысандары пайдалануға берілгеннен кейін мердігер тарапынан кеткен ақаулықтар үшін 5 жылға дейін кепілдік беріледі.
Айта кетсек, кепілдік мерзіміндегі 161 тұрғын үйден 556 кемшілік анықталып, ақаулықтар жүз пайыз ретке келтірілген. Оның ішінде 94 тұрғын үй күтіп ұстаушы мекемеге қабылдау-өткізу актісімен өткізілген.