Шымкентте «Ана тілі және отбасы – 2023» байқауы мәресіне жетті. Аталмыш додада қаладағы он білім ұясынан 800-ден астам оқушы бақ сынасты. Басты мақсат– қазақстандық патриотизм ұғымын терең түсіне отырып, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жас ұрпаққа үйретіп, ана тілінде сөйлеуді ұлттық мақтанышқа айналдыру болатын.
Бұл байқауды қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы мен қалалық білім басқармасының әдістемелік орталығы тіл саясатын іске асырудың 2023 жылға арналған жұмыс жоспары аясында ұйымдастырып отыр. Қатысушылар байқауда қазақ халқының ертегілерін ауызша айтудан, халқымыздың ырымдары мен тыйым сөздерін айтудан сынға түсті.
Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында байқаудың қорытынды концерті өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Бас жүлде З.Хусанов атындағы №110 жалпы орта білім беретін мектебіне бұйырды. Ал I орынға – Мукими атындағы №105ші мектеп, II орынды – Б.Садықов атындағы №112, үшінші орынға №57 жалпы орта білім беретін мектебі лайық деп танылды.












