Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезектен тыс отырысында «– Бұдан былай экономикалық реформалардың басты міндеті – ішкі жалпы өнім өсімінің абстрактілі сандары мен әлемдік рейтингтерден орын алу емес, халқымыздың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру. Әрине, бұл мақсатқа кәсіпкерлердің жаңа шоғырын қалыптастырмай, жоғары сапалы инвестиция тартпай қол жеткізу мүмкін емес. Фаворитизмді, элитаның ерекше мүдделері мен артықшылықтарын, сыбайлас жемқорлық пен олигополияны жоямыз деп, халық пен адал бизнеске берген уәдеміз толықтай орындалады», – деп тапсырма берген болатын. Қазақстанда жылдан жылға елімізге инвестициялар тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Биыл Шымкентте алғашқы жартыжылдықта өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі 10,1 пайызға өскен. Нәтижесінде, биыл инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба жүзеге аспақ.
Солардың бірі — аралас иірілген жіп шығаратын «Azala Cotton» зауытының екінші цехы. Инвест жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Жылына 2500 тонна өнім өндіретін жоба жыл соңына дейін іске қосылғанда 200 адамға жұмыс орны ашылады. Өнімнің 100 пайызы ішкі нарыққа арналған.
Айта кетейiк, «Azala Cotton» ЖШС фабриканың қызметiн қайта жандандыру бойынша 2017 жылдың наурыз айында инфрақұрылым, құрал-жабдықтар және өндiрiстiк циклдi қалпына келтiрген болатын.










