Түркістан облысы мен қаласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Жоспар 2025 жылға дейін іске асырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өңір әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
Облыс басшысының айтуынша, оның бірінші кезеңі аяқталды. Өңірдің құрылу кезеңі мәресіне жетіп, Түркістан қаласының негізі қаланды. Қазіргі таңда Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жүріп жатыр.
«Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі шаһардағы 4 аумақта жүзеге асырылуда. Бірінші аумақ – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде қонақ үй, ангарлар, 400 га қара өрік бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. Осындай ірі жобалар 16 шақырым жолдың бойында іске асырылады», — деді облыс әкімі.