Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес облыс орталығын көгалдандыру және көркейту жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағытта игі бастамаға өңіріміздің барлық аудан-қалалары өз үлестерін қосуда. Яғни көгалдандыру жұмыстарына сәйкес бірнеше секторға бөлінген Түркістан қаласын абаттандыру бойынша 13-ші секторға жауапты Ордабасы ауданы болып табылады.
Бұл аумаққа жалпы саны 11 көше қарасты болса, олардың жалпы ұзындығы 8 шақырымға жуықтайды. Осылай деген «Темірлан абаттандыру» мекемесінің директоры Салтанат Әлібаеваның айтуынша биыл ерте көктемнен бастап Ордабасы ауданына бекітілген секторда тиісті жұмыстар өз денгейінде атқарылып келеді.
Айталық 11 көшенің қос жиегіне 31 мың шаршы метрді құрайтын гозон егілсе 5 мың түпке жуық жиде, терек қара ағаш түрлері отырғызылған. Ал бұл жасыл екпелерді тұрақты түрде суғарып тұру үшін 3 ұңғыма қазылып, егілген көшеттер тамшылатып суару жүйесіне қосылған. Осылай деген абаттандыру мекемесінің басшысы бүгінге дейін егілген екпелердің 70-75 пайызы өсім алып үлгергендігін айтады. Ал тиісті жұмыстарды маусымдық кезеңде мекеменің 7 арнайы техникасы мен 43 маманы жүзеге асырса, атқарылған жұмыстардың нәтижесіне сәйкес Ордабасы ауданы аудан-қалалар арасында Түркістан қаласын көгалдандырудан көш басында келеді.
Бұдан өзге Ордабасы ауданында әр апта сайын сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып күзгі маусымда аудан аумағы бойынша жалпы саны 18 мың 860 түп ағаш көшеттері егіліп үлгерген.
Оның ішінде 14 мың 190 түп ағаш көшеттері ауылдық округ әкімдіктерінің ат салысуымен егілсе, 4 мың 470 түп ағаш дербес бөлімдер күшімен егілген.
Айталық биыл аудан орталығына жақын маңдағы «Қарауылтөбе» аталатын аумақты көгалдандыру ісі қолға алынған. Нәтижесінде 6 шақырымға жуықтайтын бос жатқан жерге 3 мың түптен астам ағаш көшеттерін егу жоспарланып, бүгінгі күнге дейін 2,5 мың түпке жақын қара ағаш отырғызылған. Ал бұл жұмыстарды аудандық әкімдікке қарасты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері сенбіліктер арқылы жүзеге асыруда. Ал оған қажетті ағаш көшеттері жергілікті жерден алынған.
Мұндағы мақсат аудан аумағын көркейтіп жасыл екпелер қорын молайтуға бағытталған.