Шымкент қаласының Орталық саябағы аумағында мәдениет майдангері, ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің ерекше еңселі ескерткіші орнатылды. Ерекшелігі сол тау тұлғаның мүсіні тұғырға емес жерге қойылғандығында. Ескерткіш авторы елімізге белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашовтың айтуынша Өзбекәлі Жәнібеков өзінің халыққа жасаған еңбек жолында халықтан биік болмағандығын айғақтайды дейді.
Тас тұғырдың салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері мен қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қатысты. Шаһар басшысы алғаш болып сөз алып, ұлт рухын ұлықтаған ұлы тұлғаның ұлттық мәдениетіміздің қайта жаңғыруына қосқан еселі еңбегін тілге тиек етті. Жиылған жұртшылық іс-шара барысында қазақ мәдениетінің асыл жауһарын аршып, саф күйінде ұрпаққа табыстау жолында арда азаматтың қажырлы еңбегінің тағы бір куәсі болды.

Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Өз ағаның қызы арнайы қатысып, гүл шоқтарын қойды.











