Жиынға қатысушылар тарих беттеріне үңіліп, Елбасы мемлекет тізгінін қолына алған кеңестік дәуір кезеңде-ақ Атажұртқа сырттағы қазақты әкелу жөнінде көп толғанғандығына тоқталды. Өйткені, мемлекет құраушы ұлт азшылықта еді. Міне осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақ КСР Министрлер Кабинетіне тапсырма беріп, 1991 жылғы 18 қарашада № 711 қаулысын қабылдатты. Бұл қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына жол ашқан тарихи құжат еді.
№711 қаулыда «Басқа республикалардан және шет елдерден республиканың селолық жерлерінде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын қоныстандыру, оның ішінде оларды тасымалдауды, келген жерлерінде қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру халық депутаттары жергілікті кеңестерінің атқару комитеттеріне, агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен ұйымдарына жүктелсін. Бұл мәселе жөніндегі үйлестіру жұмыстары Қазақ КСР Еңбек министрлігіне тапсырылсын» делінген. Дер уақытында қабылданған қаулы – шет елдегі қандастарымызды тарихи Отанында ауылдық жерлерде еңбек етуге шақырып, оларды қоныстандырудың жайын үйлестіруге негіз болды.
Осы тарихи құжаттың өмірге келуінен соң іле-шала Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты жолдауын жариялап, сырттағы қандастарымызды Атажұртқа шақырды. Ел деп елеңдеп отырған бауырларымыз содан соң тарихи Отандарына қарай атбасын бұрды.
Осыдан кейін барып Қазақстан 16-желтоқсанда Тәуелсіздігін жариялады. Ата-бабамыз көксеген Тәуелсіздік орнаған соң, барша игіліктердің көзі ашылды. Көші-қон туралы заң әзірленді. Кейін Еңбек министрі Н.А. Коржова Парламентке көштің келуіне кедергісі көп нормалары бар заң жобасын ұсынғаны белгілі болып, шұғыл Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанында жиын өтті. Онда «Көші-қон туралы» Заң жобасына қатысты жұмыс тобы құрылды. Бұған өзекті іске өзегін жұлып беретін сол кездегі Мәжіліс депутаты Әкім Ысқақ араласып, жең сыбана кірісті. Нәтижесінде 1997 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет мемлекеттік тілде әзірленіп, Үкімет жобасына балама ретінде ұсынылып, қабылданған Заң өмірге келді.
Тарих беттерінен шежіре тарқатқан жиынға қатысушылар көптеген ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Қолданыстағы Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, қазақ көшінің жылнамалық шежіресін шығаруды қолға алу қажет екені айтылды. Сондай-ақ, бүгінгі Тәуелсіздігіміз бен Ұлы көштің аясында ел тарихындағы елеулі сәттер жөнінде әңгіме қозғалып, қандастарды қоныстандыру жайы кеңінен тоқталды. Жиын соңында сөз алған З. Тұрысбеков Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қазіргі уақытта Елбасының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмасын орындау үстінде екенін жеткізді. «Өңір» депутаттық тобы мүшелері-сенаторлар Ерік Сұлтанов, Әлімжан Құртаев, Алтынбек Нұхұлы, Динар Нөкетаевалармен бірлесіп, қандастарды солтүстік өңірлерге қоныстандыру бойынша мәселені нақтылай түсуде. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында іссапарларда болғанын баяндады.
Сондай-ақ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тікелей бастамашылдығымен Ақмола облысының Аршалы ауданында 8 мың қандасқа арналған бір үлгідегі 1282 коттедж асар амалымен салынып жатқаны хабардар етілді. Онда 3,5 мың жұмыс орны құрылады.
– Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күші тапшы екенін көздерімен көрді, – деп сабақтады сөзін Зауытбек Қауысбекұлы. – Әкімшілік 1300 отбасыға жер телімін бөлуге әзір, бірақ оған қолданыстағы заң нормалары мүмкіндік бермейді.
Екібастұз қаласының аумағында жеке тұрғынүй құрылысы үшін 1 мың гектар және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін 1 млн. гектарға жуық жерді игеруге өңірдің әлеуеті бар. Тек заңға өзгеріс енгізу керек.
Ал Қостанай облысындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-на бүгінде 900 маман қажет. ССТӨБ оларды жұмыс күші артық өңірлерден көшіріп алуға да әзір. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-гі де қосымша 500 маман тартуға мүдделі. Салынып жатқан «КАМАЗ» зауыты құрылысы да 500 жұмысшыға зәру. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі өнеркәсіптік кәсіпорын «Агромашхолдинг КЗ»-ке де қосымша 180 маман жетіспейді. Сөйтіп, тек осы кәсіпорындардың ғана кадрларға деген жалпы мұқтаждығы шамамен 2200 адамды құрайды.
Сондай-ақ, «Олжа агро» кәсіпорны да оңтүстік өңірлерден 2000 отбасын көшіріп әкелуге мүдделі. Олар мүйізді іріқараларды өсіруге жұмылдырылады.
Бұл ретте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қостанай облысының орта арнаулы оқу орындарында білім беріп, содан кейін жұмысқа орналастырып және жеке тұрғынүй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер телімдері бөлінген жағдайда, оңтүстік өңірлердегі қандастар арасынан жастардың қоныс аударуын қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде өңір басшысы Қ. Ақсақалов инфрақұрылымы әзір Петропавл қаласының «Южный», «Солнечный-1», «Солнечный-2» ықшам аудандарын көрсетіп, 1300 отбасыға жер бөлуге болатынын, бірақ оған заң көтермейтінін көлденең тартты. Біріншіден ол адамдардың өңірге қатысы жоқ әрі кезекте тұрған жергілікті адамдар бар.
Осы іссапардың нәтижесі бойынша ҚР Парламентінде 30 қарашада арнайы кеңес өтіп, онда қандастарды солтүстік аймаққа қоныстандыру жайы қаралды. Сондай-ақ, Парламентте халықты қоныстандыруға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша жоба талқылануда, енді осы құжатқа ұсыныстар берілмекші. Нәтижесінде, қандастарға кедергісіз жер бөлу мәселесі шешілмек.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өз ұсыныстарын білдірді. Ең бірінші қоныстандыру аймағын анықтау. Екінші, қандастарымыз бен жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аударушыларға «Асар» бағдарламасына қатысушы мәртебесін беруі керек. Үшінші, «Асар» жобасына қатысушыларға жерді топтап бөлуі тиіс. Мысалы, бес жүз отбасын бір маңға қоныстандырса, олар өз ортасында жүріп, жаңа мекенге тез бейімделеді. Сондай-ақ, жер бірден оның меншігіне өтіп кетпейді, атына ғана тиесілі болады. Оғанға дейін жер телімдері әкімдіктердің жанындағы дербес бөлімдердің (мысалы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация «Сарыарқа») балансында тұрады. Үй толық салынып біткенде адамдардың атына ауыстырып береді. Баспана құнының 50 пайызын мемлекет төлеп, 50 пайызын азаматтар өз есебінен салады. Он жылға дейін ол үйді сатуға құқы болмайды. Тиісті қаражатты тұрғын мемлекетке қайтарғанда, баспана оның меншігіне өтеді. Әуелгіде, солтүстікке қоныс аударғаны үшін көтерме қаржы және 1 жылға жалға алатын баспана ақысы төленуі тиіс. Міне, осы тәсілді қолдана отырып, асар амалымен кешендерді қысқа мерзімде әрі сапалы салуға болады.
Осы ретте Шымкент қаласындағы Асар шағын ауданының қалай бой көтергенін еске алайық. Бұл елдімекен дәл осындай тұрғындардың қатысуымен салынып, «Асар» деген атқа ие болды. Ол ықшам аудан 2003 жылы басталып, 2011 жылы толықтай салынып бітті. Барлығы 1725 котедж және 960 пәтерлік 30 көпқабатты үйлер тұрғызылды. Осы баспаналарда 2800 отбасы екі қабатты котеджде, 960 отбасы көпқабатты үйлерге қоныстанды. Сол кезде 19 мың тұрғыны болса, қазір 26 мыңға өсті. Жеті мың жұмыс орны бар. Үш орта мектеп жұмыс жасайды. Оқу жасындағы балалардың көптігінен былтыр екі қабатты сауда үйін мектепке айналдырған. Биылғы оқу жылында 1-ші класқа барған сәбилер үш мектепте 17 сыныпты құраған.
Сөзін қорытындылаған Зауытбек Қауысбекұлы «Осындай тәжірибе барда халықты теріскей өңірлерге қоныстандыру мен өңірді жұмыс күшімен қамту тиімді әрі жылдам жүзеге асатынына сенімдімін. Халқымызда «Жер-ана тірімізде – төріміз, өлгенде – көріміз» деген сөз бар. Кімде ел болса – жер соныкі» деп түйіндеді.
Жиын мереке қарсаңында өтіп отырғандықтан Тәуелсіздігіміздің баянды, елдігіміздің мәңгілік болуына жылы лебіздер айтылды.