Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясатының тұжырымдамасын әзірлеуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген брифингте ведомствоның вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров хабарлады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
Құжат коронавирустық пандемиядан туындаған жаңа үрдістерді ескере отырып, жаңа инвестициялық циклді қалыптастыруға және инвестиция тарту саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді. Тұжырымдаманы іске асыру үшін жүйелік және салалық шараларды іске асыру жөнінде егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары әзірленеді.
«Нәтижесінде еңбек өнімділігін арттыруға және экспорттық қоржынды күрделендіруге бағытталған жоғары сапалы инвестицияларды тартуға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге асырылады. Сондай-ақ заңнама жетілдіріліп, елдік, салалық және өңірлік инвестициялық тартымдылық артады», — деді вице-министр.
Министрдің орынбасары, сонымен қатар, Қазақстанда өткен жылы тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіші рекордтық 30%-ке төмендеп, 17 млрд долларды құрағанын атап өтті. Дегенмен, биыл оң динамика бар. 6 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасына 11,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 30,4%-ке артық.
«Ағымдағы жылдың соңында 20 млрд-қа долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарлануда. Ал 2023 жылға қарай инвестицияның пандемияға дейінгі деңгейіне – шамамен 24 млрд долларға жетеді», — деді Әлішер Әбдіқадыров.
Негізгі капиталға инвестициялар динамикасының айтарлықтай төмендеуінен кейін қалпына келтіру үрдісі де байқалады. 2021 жылғы 10 айда негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,5 процентке артып, шамамен 10 трлн теңгені құрады. Ал инвестициялық белсенділіктің өсуінің негізгі локомотиві экономиканың шикізаттық емес саласы болып отыр.
Тұтастай алғанда, жаңа жағдайлар жасау, ҰЭМ басшысы орынбасарының айтуынша, экономикалық дамудың және халықтың әл-ауқатының өсуінің негізгі драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің басталуын қамтамасыз етеді.