Туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту, инфрақұрылымды ретке келтіру, қолайлы жағдай жасау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі 2025 жылға дейін 8 республикалық музей-қорықтың аумағына сапар-орталық салады. Осы арқылы Nur-Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының 105-тармағы іске асады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл «Ордабасы», Әзірет Сұлтан («Гаухар ана» және «Сауран») республикалық қорық-мұражайының маңынан жалпы сомасы 1 269,8 млн. теңгені құрайтын 3 сапар-орталықтың құрылысын бастау жоспарланған.
16 тамыздан бастап «Ордабасы» қорық-мұражайында сапар-орталықтың іргетасы қалана бастады. Жалпы ауданы 2100 шаршы метр болатын нысан әкімшілік ғимараттан және туристер мен археологиялық ғылыми экспедиция өкілдеріне арналған қонақ үй корпусынан тұрады. Ал әкімшілік ғимараттың ішінде экспозициялық залдар, конференц зал, кітапхана (оқу залымен), ғылыми қызметкерлерге арналған зертхана және «Ордабасы» музей-қорығының қызметкерлеріне арналған кабинеттер болады. Болжам бойынша бұл орталықтың құрылысы туристер санын 70%-ға арттырады.
Айта кетейік, «Ордабасы» музей-қорығының аумағында «Бірлік-төбе» атты төбе бар. Бұл жерде барлық жүз бен би өкілінің қатысуымен қазақ халқын бір тудың астына біріктіруге бағытталған тарихи жиындар өткен. Төбе маңынан салынған «Бірлік» ескерткіші, «Үш би: Төле би, Әйтеке би және Қазыбек би» монументалды өнер құрылысы мен ежелгі сақ қорғандары кез келген туристі қызықтыра алады. Сонымен қатар бұл аймақ мектеп оқушылары мен студенттер үшін қызықты. Өйткені олар тарихи оқиғалар өткен орынды өз көзімен көре алады.