Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше газ саласын дамыту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі. Бейне байланыс режимінде өткен жиын барысында Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев және «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайон баяндама жасады.
Жиынды ашқан Президент газ саласының еліміз үшін де, әлемдік энергетика жүйесі үшін де маңызды екенін атап өтті.
– Газ саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын иеленіп отыр. Сонымен бірге еліміз газды жылдан жылға көбірек тұтынуда. Бірақ, газ өндіру қарқыны оған сай емес. Өнеркәсіп өндірістерін газға көшіретін жаңа жобалар іске қосылуда. Көгілдір отын жағатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан газға деген сұраныс арта түседі. Осы сұранысқа сай әрдайым ұсыныс болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Газ саласын дамытудың негізгі жолдары жөніндегі баяндамаларды тыңдаған Мемлекет басшысы саланы дамытудың және басқарудың қазіргі моделі жаңғыртуды қажет ететінін айтты.
– Тәуелсіздік жылдары көмірсутегі шикізатының негізгі көздері мұнай кен орындарына тиесілі болды. Газ кен орындарын барлап, игеруде, соның ішінде, Каспий активтері бойынша іс жүзінде алға жылжу жоқ. Сондықтан газдың ресурстық базасын геологиялық барлау жұмыстары арқылы кеңейту Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры үшін саланы дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға баса мән беру керек. Қазіргі жүйе аясында пайдалы қазбаларды игерушілер газ өндірісі мен газ өңдеу қуатын арттыруға мүдделі емес. Үкіметке газ өндіру саласына инвестиция тарту жолдарын іздестіру жөнінде тапсырма берілді.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазТрансГаздың» ұлттық газ компаниясына айналатынын және геологиялық барлаудан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл жұмыстарды атқаратынын жеткізді. Президент жаңа кен орындарында пайдалы қазбаларды игеруде басымдық құқығын «ҚазТрансГаз» компаниясына беру туралы «Самұрық-Қазына» қорының ұсынысын қолдады.
– Сонымен қатар Үкімет мұндай құқық берудің барлық қырлары мен шарттарын мұқият зерделеуі қажет. Газ кен орындарына қол жетімділікті монополияға айналдырмау аса маңызды. Үкімет тәуелсіз инвесторлардың дербес барлау жүргізуіне және газ кен орындарына қатысты әзірлемелер дайындауына жағдай жасауға тиіс. Газ компанияларының вертикальді үйлесім бойынша жұмыс істеу тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылған жағдайда Үкімет Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 2022 жылы «ҚазТрансГаз» компаниясын IPO-ға, соның ішінде, халықтық IPO арқылы шығару мүмкіндігін зерттеуі қажет. Бұл қаржы нарығын айтарлықтай жандандырады және азаматтардың еліміздегі газ байлығының бір бөлігін иеленуіне септігін тигізеді, – деді Президент.