Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2021 жылға арналған негізгі іс-шаралары жоспарына сәйкес, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері бойынша Түркістан облысында көшпелі отырысын өткізді.
Жиынды ҚР Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев ашты.
– Сөз жоқ, суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол – сол өңірлерде тұратын халықтың тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры деп айтсақ та болады. Еліміздегі суармалы егіншілік аумағы жалпы игерілген жерлердің 8 пайызынан аспайды, ал одан алынған өнім жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 35 пайызын құрайды.
Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді кезең-кезеңімен 3 млн. гектарға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында 2030 жылға дейін гидромелиорациялық жүйелер мен 38 жаңа су қоймаларын салу бойынша іс-шаралар әзірленіп жатқан Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылмақ.
Еліміздегі ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі сын көтермейді. Республикалық меншіктегі жалпы ұзындығы 19 772 шақырымдық 3298 каналдың 11881 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90% ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты еліміздегі ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстарды атқаруға тура келеді.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Еліміздегі барлық суармалы жерлердің 30% осы облыста орналасқан. Басқосу барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталып, осы бағыттағы атқарылып жатқан істерімен, алдағы жоспарларымен таныстырып өтті. Айтуынша «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу», «Кеңсай — Қосқорған — 2» су қоймасын салу, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екендігін ескеріп, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» жобасы әзірленген. Бұл жобалар Түркістан (қаласын) өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болады. Бұдан өзге Су ресурстарын реттеумен қатар, ылғал үнемдеу, жаңбырлатып суғару технологиясын ендіруге басымдылық беріліп келеді.
Осы мақсатта, Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясы ендіріліп, азық-түлік белдеуі құрылуда.
Бүгінгі күннің өзінде 1,5 мың гектарға аталған технология ендіріп, жылына 2 өнім алуға мүмкіндік туып отыр. Технологияның тиімділігі су үнемдеумен қатар, өнімділікті 3 есеге арттырды. Жыл соңына дейін жаңбырлатып суғару технологиясы ендірілген алқапты 3,5 мың гектарға жеткізу шаралары атқарылуда.
Бұдан бөлек, еңбек өнімділігін арттыру бағытында облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы сәтті іске асырылып келеді.
Көшпелі отырыс барысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Руслан Манатаев Қазақстан Республикасындағы суармалы жерлерді дамыту мәселелері, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың Қазақстан Республикасының су қорын пайдалану мен оны қорғау мәселелері туралы, «Қазсушар» РМК Бас директоры міндетін атқарушы Алтай Елжасовтың республикалық меншіктегі су шаруашылығы объектілерін пайдалану және күтіп-ұстау, суармалы су берудің ағымдағы жағдайы, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың Түркістан облысында суармалы жерлерді дамыту перспективалары мен мәселелері туралы ақпараттарымен таныстырды.
Қойылған сұрақтарға тиісті мемлекеттік органның басшылары жауап берді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іссапар барысында Түркістан магистралды каналының жөндеу жұмыстарымен, «Кеңсай Қосқорған-2» су қоймасы құрылысымен, Су үнемдеу бағыты бойынша жаңбырлату технологиялары орнатылған «Түркістан-Агро» ЖШС-нің егіс алқаптарымен, «Бөген» су қоймасының жағдайымен және жұмыс істеу бағытымен танысты.