Түркістан — мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайсыз қала. Олардың жүріп-тұруына мүлде жағдай жасалмаған. Бұл мәселе «Nur Оtan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында талқыланды. Облыстың өзге аудандарында да жағдай мәз емес. Жекеменшік ғимараттарды айтпағанда, мемлекеттік мекемелердің де талапқа сай келмейтіндігі анықталып отыр. Түркістан — туризм орталығына айналуы тиіс. Дәл осы бағытта түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Күннен күнге түрленіп, жаңаша кейіпке енуде. Алайда көптеген ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалмаған.
Жиынға партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мен аудан әкімдері, бірқатар басқарма басшылары қатысты. Аталған мәселе төңірегінде пікір алмасты. Облыс аумағында 94 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат болса, оның 11 мыңға жуығы зағип жандар. Ал оларға қолайлы орта қалыптастыру — маңызды міндет. Партиялық бақылау комиссияның мүшесі Шәріпбек Жамалбекұлы жеке меншік нысандардың талапқа сай болуын міндеттеу керектігін атап өтті.
Қоғам мүгедектерге қолайлы жағдай жасай алмаса, олардың күнделікті өмірінде кездесетін қиындықтардың шешімі табылмайды. Пандус тік немесе мүлдем жоқ болса, арнайы лифтілер болмаса мүгедек адамға қолайсыздық туады. Дәл осындай мәселелер Түркістан,Арыс,Кентау қалаларында, Бәйдібек, Созақ, Ордабасы аудандарында көрініс тапқан.
Жиын соңында Созақ ауданы әкімдігі тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар барысы талқыланды.