Close Menu
"Айғақ"  ақпараттық порталы"Айғақ"  ақпараттық порталы
    Facebook Instagram YouTube Telegram TikTok Threads WhatsApp
    • Біз туралы
    • Жарнама
    • Байланыс
    Facebook YouTube Instagram Telegram TikTok Threads WhatsApp
    "Айғақ"  ақпараттық порталы"Айғақ"  ақпараттық порталы
    • Басты бет
    • Жаңалықтар
      • Саясат
      • Қоғам
      • Экономика
      • Мәдениет
      • Әлеумет
      • Тарих
      • Боздақтар
      • Спорт
      • Денсаулық
    • Жобалар
    • Сұхбат
    • Айғақ TV
      • Фотогалерея
      • Бейнематериалдар
    • Аймақтар
      • Шымкент
      • Түркістан
      • МӘДЕНИ АСТАНА
    live
    • Біз туралы
    • Жарнама
    • Байланыс
    "Айғақ"  ақпараттық порталы"Айғақ"  ақпараттық порталы
    Facebook Instagram YouTube Telegram TikTok Threads WhatsApp
    Home»Айғақ TV»Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады
    Айғақ TV

    Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады

    Айғақ медиаBy Айғақ медиа20.03.2021Комментариев нет3 Mins Read
    Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email
    Share
    Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email

    Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Ақордада жарияланған мәтіннің толық нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз:

    Ардақты ағайын!

    Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

    Тіршілікті түлетіп, табиғатқа жан бітіретін Наурыз – біздің төл жаңа жылымыздың бастауы, жаңғыру мен жаңа өмірге ұмтылудың нышаны. Ежелгі жыл қайыру дәстүрі – халқымыздың терең танымы мен тағылымды тарихының көрінісі.

    Шуақты көктем мерекесін бүкіл ел болып асыға күтеміз. Біз тағдырымызбен сабақтас әз-Наурыздан өткен ғасырда еріксіз ажырап қалдық. Егемендіктің елең-алаңында ежелгі салтымызбен қайта қауыштық. Наурыздың көне дәстүрлерін нығайту үшін Елбасы бұл мерекені мемлекеттік мейрамға айналдырды.

    Жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда Наурызды жаңаша атап өту қажеттігіне тоқталдым. Мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс.

    Сондықтан, қазір барлық аймақта жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор көптеген шара қолға алынуда. Мұның бәрін Амал айынан кейін де жалғастыра береміз.

    Ұлыстың Ұлы күнін тойлау қалалар мен ауылдардың ауқымды алаңдары мен көрікті көшелерінде өтетін бірнеше сағаттық іс-шарамен ғана шектелмеуі қажет. Наурыз – ең алдымен, тағылымы мол отбасылық мейрам. Мерекелік көңіл-күй барлық шаңырақта болуы керек. Жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алса, бір-біріне ақ тілектерін арнаса, қандай жарасымды?!

    Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі. Бұл туралы Ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жырлаған.

    Мейрамның терең философиялық мазмұны жақсылықты ешқашан ұмытпай, қайырымдылықтың қадірін білуге және табиғатпен үндестікте өмір сүруге үндейді.

    Ел ұғымында қырдың қызғалдағы – нағыз көктемнің нышаны. Осы орайда, қызғалдақ гүлін Ұлы даладағы Ұлыстың Ұлы күнінің басты белгісі ретінде бекітуге болады.

    Құрметті қазақстандықтар!

    Қазір дүниеде геосаяси дүрбелең белең алып, халықаралық тартыстар шиеленісе түсуде. Коронавирус індеті өршіп, әлем экономикасындағы дағдарыс күшеюде. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан халқы барлық сын-қатерлерге төтеп беру үшін бірлігін бекемдеп, қайсарлық танытуы қажет.

    Біздің бабаларымыз ежелден Ұлыстың Ұлы күні бір-біріне көмектесіп, қиын кезеңде қолындағы барын бөліскен. Осы игі дәстүрді халқымыз әлі күнге дейін берік ұстанып келе жатқаны көңіл қуантады.

    Пандемия кезінде ондаған мың дәрігер мен мейірбике, тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілер және еріктілер елдің денсаулығын сақтау үшін аянбай еңбек етуде. Микробиолог мамандарымыз аз уақыттың ішінде коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарды.

    Азаматтарымыздың нағыз мәрттігі мен  шынайы жанашырлығын, зор жетістіктерін әйгілейтін мысалдар өте көп. Мұны өздеріңіз көріп-біліп жүрсіздер. Мызғымас бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқасында еңсесі биік ел болып отырмыз.

    Әз-Наурыз – ізгілік пен қайырымдылықтың, мейірім мен жанашырлықтың мерекесі. Біз ұсынған әділетті қоғам және әлеуметтік мемлекет қағидасы осы құндылықтармен толық үндеседі.

    Сонымен бірге, Наурыз – елді еңбекке жұмылдырып, ырысымызды молайтатын мейрам. Біз бабалар жолымен білек сыбана жұмыс істеп, Қазақстанды бәсекелік қабілеті зор, қуатты мемлекетке айналдырамыз.

    Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – табиғатқа етене жақын халық. Ұлыстың Ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш егу, қоршаған ортаны таза ұстау – ертеден жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Біз қолға алған «Таза табиғат» жобасының негізгі мақсаты – сол игі шараны жалғастыру.

    Осылайша, Ұлыс күнін сан түрлі сипатта атап өту ата салтымыз бен ұрпақтар сабақтастығын сақтау  үшін керек. Қазақта «Салтына қарап, халқын танисың» деген қанатты сөз бар. Ұлттың жаңа болмысы жақсы дағды мен жағымды қасиет арқылы қалыптасады.

    Биыл біз тарихи меже – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыттың ішінде еліміз толағай табысқа жетті. Бірақ, жетістікке марқайып, босаңсуға болмайды. Біз мемлекетімізді жүйелі өзгерістерге жетелейтін ауқымды реформаларды жалғастыра береміз.

    Жан-жақты жаңғыру ұлтымызды өрге бастап, Қазақстанның Мәңгілік ел болуына жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – осы!

    Босағамыздан аттаған Жаңа жыл баршаңызға ырыс-несібе әкелсін деп тілеймін!

    Әр шаңыраққа қыдыр қонып, құт дарысын!

    Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

    Share. Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email
    Айғақ медиа

    Related Posts

    ДАҢҚТЫ БАПКЕРДІҢ ҚҰРМЕТІНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОДА

    12.11.2026

    35 ЖЫЛДАН КЕЙІНГІ ФУТБОЛШЫЛАРДЫҢ БАСҚОСУЫ

    12.11.2026

    ЗАУЫТТЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛЫ БАҚЫЛАУДА

    12.11.2026
    Leave A Reply Cancel Reply

    ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ
    ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ —
    ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВ

    Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

    БАЙЛАНЫС

    Мекен жайы: Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Ғ.Iляев көшесi, №29 үй
    E-mail: aigak@mail.ru
    Телефон: +77014416666

    Қазақстан Республикасы Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі ақпарат комитетінде 2019 жылы 13 маусымда тіркеліп, № 17745 — ИА куәлігі берілген.

    Facebook Instagram Telegram YouTube TikTok Threads WhatsApp
    © 2015- 2026 . «Айғақ» ақпараттық порталы. Барлық құқықтар сақталған.

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.