Сарыағаш ауданына қарасты «Жартытөбе» ауылдық округіндегі «Тәуекел» шаруа қожалығы базасында «Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыруда бір алқаптан 2-3 өнім алудың тиімділігі» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өткізілді. Оған облыс әкімі Ө.Шөкеев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы, ғалымдар, аудан-қала, ауыл округтері әкімдері, агроқұрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
Сондай – ақ семинар қатысушыларына ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тұқым, тыңайтқыштар, гербицидтер жеткізушілер өнімдері мен асыл тұқымды «Гиссар» қойларының көрмесі таныстырылды.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндеттер көп. Соның негізгісі – ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайта отырып саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру.
Осыған орай, 2019 жылдан бастап облыста «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынды.
2020 жылы бұл бағытта 128 ауыл округте 5,2 мың гектарға 1999 жоба жүзеге асырылып 262,5 мың тонна өнім өндірілген. Осы жобалардың нәтижесінде қосымша 18,4 млрд.теңгенің өнімі өндірілген.
Тәжірибе көрсеткендей жобаның тиімділігі жылына 1 гектардан 7 — 8 млн теңгеге дейін табыс табуға болатындығын көрсетіп 2- 2,5 есеге артық өнім алуға мүмкіндік туып отыр.
Климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы Қазақстандағы ең қолайлы өңір болып табылады. Облыста 71 мыңға жуық шаруашылықтар бар. Бұл бойынша өңіріміз агроқұрылымдар үлесінің Республикада 35 пайызына ие.
Былтырғы жылы ауыл шаруашылығы салаларын дамыту бойынша
8 облыстық, республикалық семинар-кеңестер өткізіліп, агроөнеркәсіп субъектілеріне озық технологияларды енгізуге ынталандыру, ақпараттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Осы бағыттың тиімділігіне орай, ағымдағы жылы 6 мың гектарға 2760 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталған. Қазіргі таңда 1622 жоба бойынша 3,4 мың гектарға бірінші өнім егіліп отыр.
Семинар кеңес қорытындысымен, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жаһандық мәселеге қатысты екендігіне назар аударып, ішкі сыртқа нарықта бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту мақсатында аудан-қала әкімдері мен агроқұрылым басшыларына жаңа технологиялар мен инновацияларға қарқынды бет бұру шараларын қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.