Түркістан облысының бірқатар аудандарында наурыздың 13-14 күндері күн райы күрт суытып қар аралас жауын соңы ұйытқып соққан боранға ұласты. Салдарынан бірқатар аудан-қалалар айтарлықтай зардап шексе, Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылдық округі электр жарығынсыз қалды, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі.
Яғни аймақта ұйытқыған бораннан 520 электр бағанасы құлап, ұзындығы 300 метр қоршаулар бүлінген. Сонымен бірге екпінді дауылдан 70-тен астам тал құлап, 100 шақты ағаштың бұтақтары сынған. Ең бастысы табиғи апат салдарынан зардап шеккендер жоқ. Төрткүл ауылдық округінің әкімі Өтеміс Мұратханның айтуынша бүгінде аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша шұғыл жұмыс тобы құрылып, аймақта қалпына келтіру шаралары қарқын алған. Бүгінгі таңда Төрткүл ауылдық округіне аудан көлеміндегі бірқатар мекемелерден 300-ге тарта азамат жұмылдырылып, қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуда. Олардың қатарында білім мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ құрылыс, ТҮКШ бөлімдері мен жарық таратушы мекеменің арнайы бригадалары жұмыс жасауда. Дәл қазір округ бойынша 2300-ден астам абонент электр жарығынсыз отырса, бірінші кезекте осы мәселені шешу үшін аудан әкімдігі тиісті мекемемен бірлесе жұмыс жасауда. Осы орайда Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Сүлейменов электр жарығы бірінші кезекте мектептер мен емхана сынды әлеуметтік нысандарға берілетіндігін жеткізді. Ең бастысы электр бағаналары екі күн ішінде қалпына келтіріліп, ауыл округіне толықтай жарық берілетін болады.