Апта соңында сенбілікке жиналған көпшілік ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жер анаға жақсылық жасаудан қалыс қалмады. Қаланы қаптаған қалың тұман шаһарды тазалау жұмыстарына үлес қосуға келген 2500-ге жуық қала тұрғынына кедергі бола алмады. Оған себеп — таза қала – әрбір тұрғынның мақтанышы. Аталмыш іс-шараға қала тұрғындарынан бөлек, 59 мекеме, 220 кәсіпкер,сондай-ақ, Түркістан қалалық мәслихат депутаттары да қатысты.
Сенбілік жұмыстары жүргізілген басты аймақтардың бірі Түркістан қаласындағы Дендросаябақ. Аумағы 30 гектарды құрайтын саябақтың абаттандырудың қазіргі таңда 70 пайызы аяқталған. 12 мыңға жуық ағаш бар қаланың жасыл өкпесі болашақта талай түркістандықтың серуен құрып, сейілдейтін орыны болмақ.
Бұл жерге отырғызылған ағаштардың көбісінің өзіндік ерекшеліктері бар. Яғни, қылқанжапырақтылар оттегіні бөліп, көмірқышқыл газын бойына сіңіреді. Ол әрине адам ағзасына өте пайдалы. Әрі ағаштарды отырғызу технологиясы да аса ұқыптылықпен орындалуда.
Күн тәртібінде жалпы саны 1500-ден астам түрлі ағаш отырғызылды. Айта кетейік, TurkistanTazaQala бастамасы аясында іске асқан шара ақпан айының әр сенбісінде жалғасатын болады. Нәтижесінде 1 айдың ішінде 50 000 түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Сонымен қатар, таза қала акциясы аясында белсенділік танытқан жандарға әкімшілік тарапынан арнайы сыйлықтар қарастырылмақ.
Қаланы тазалау жұмыстарына жастар да бей-жай қараған жоқ. Саябақтарда ағаш отырғызудан бөлек, су арналары, көше бойлары, ғимарат маңайлары мен демалыс орындары да тазартылды. Жастар тарапынан белсенділік танытқан азаматтар барша қала тұрғындарын сенбіліктен шет қалмай, таза қала акциясына қатысуға шақырды.
Ағымдағы жылдың алғашқы жалпықалалық сенбілігі саябақтар мен скверлер, сонымен қатар Тікұшақ алаңы, Майлин сквері, Жандосов, Ерубаев көшелерінде жүргізілді. Аталмыш іс-шараға 40-қа жуық техника жұмылдырылып, ұйымдастырушылар тарапынан керекті құрал жабдықтар да үлестірілді. Нәтижесінде Түркістан қаласы 500 тоннаға жуық қоқыстан тазартылды.
