Үшінші мегаполистегі ақ халаттылар трансплантация бойынша республикада 1-ші орынға шықпақ. «Оған білікті мамандар мен заманауи құрал-жабдықтарымыз жетеді», -дейді №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Абылай Әбдіжаппарұлы.Орталықтағы білікті дәрігерлерді ел азаматтарынан бөлек, Германия, Канада, Израиль, Румыния секілді шет мемлекеттерден арнайы іздеп келіп, осы уақытқа дейін 23 азамат бүйрек ауыстыру отасын жасатқан.Бауыр отасын 5 сағат 48 минутта жасап, қазақстандық рекордты жаңартқан Абылай Әбдіжаппарұлы бүгінде көп жүректің үміті болып отыр. Аталмыш отаны жасатқан науқастың бүгінгі жай-күйі бірқалыпты дейді жауапты мамандар. Осындай күрделі отаны дәрігерлер өздері жасау үшін 5 жыл ішінде шетелде біліктілігін арттыру мақсатында 216 сағаттық тәжірибеден өтіп отырады екен. Нақтырақ айтсақ, Корея, Жапония, Белоруссия, Ресей, тағы да басқа ТМД елдеріне барады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда орталықта бауыр ауыстыру бойынша – 150, бүйрек ауыстырумен– 614 азамат кезекте тұр. Статистикаға назар аударар болсақ, трансплантация жасататындардың орта жас шамасы – 35-45 жас аралығын құрайды. Ауруханада өткен жылы эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты органдарды ауыстыру біршама тоқтап қалған. Биыл мұндай жағдай орын алмайды деп сендіріп отыр сала мамандары. Айғақ-ақпарат