Шымкентте тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Кезекті 40 отбасы Бозарық шағынауданынан жаңа пәтерлерінің кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Заманауи тұрғын үйлер барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Шаһарда тағы 40 отбасы баспаналы болып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Жаңа пәтерлер Бозарық шағынауданында бой көтерген заманауи тұрғын үйлерден берілді. Баспаналы болғандардың қатарында әлеуметтік осал топтағы азаматтар, көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар бар. Осылайша, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетіліп, баспана мәселесін шешуге мүмкіндік жасалуда. Жаңа пәтерлер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен «Отбасы банк» арқылы берілді. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар тұрғындарға тиімді шарттармен баспана алуға жол ашып отыр. Тұрғындардың айтуынша, жаңа баспана – отбасы үшін үлкен қуаныш әрі болашаққа жасалған маңызды қадам.
Бозарық шағынауданындағы жаңа үйлер заманауи талаптарға сай салынып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалған. Мұнда инженерлік жүйелер толық жүргізіліп, қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруі қаладағы баспана қорын арттырып қана қоймай, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.