Әскердегі тәртіп пен жауынгерлік даярлықтың берік болуы сарбаздың психологиялық жай-күйімен де тығыз байланысты. Осы мақсатта Шымкент гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің психолог мамандарынан құралған мобильді топ 10216 әскери бөлімінің жас мерзімді әскери қызметшілерімен арнайы психологиялық тренинг өткізді.
Тренингтің басты мақсаты – сарбаздардың әскери ортаға тез бейімделуіне ықпал ету, моральдық-психологиялық ахуалды нығайту, әскери тәртіпті күшейту және қызметке деген жауапкершілігін арттыру.
Іс-шара барысында түрлі психологиялық жаттығулар, топтық тапсырмалар мен командалық ойындар ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, мұндай әдістер сарбаздардың өзіне деген сенімін арттырып, ұжыммен тиімді қарым-қатынас орнатуға, күйзеліске төзімді болуға және күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдау қабілетін дамытуға көмектеседі. Тренингтің ерекше бөлігінің бірі – жағымсыз эмоциялардан арылуға, сергектік пен өзара сенімді қалыптастыруға арналған психологиялық жаттығулар болды. Бұл тапсырмалар жас сарбаздардың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, ұжымдық бірлікті де нығайта түсті.
Әскери психологтардың айтуынша, мұндай жұмыстар бір реттік шара емес. Олар сарбаздардың күнделікті психологиялық жағдайын бақылап, тұрмыс-тіршілігімен танысып, қажет болған жағдайда жеке кеңес береді. Сонымен қатар, ата-аналарымен тұрақты байланыс орнату арқылы жас жауынгерлердің әскери өмірге тез әрі сенімді бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетеді.









