Биылғы шомылу маусымында жазатайым 2 оқиға тіркелді. Десекте ол оқиғалар шомылуға тиым салынған аумақта орын алған. Қалада шомылуға рұқсат етілген не бәрі үш қана орын бар. Соған қарамастан ескертулерге құлақ аспайтындар кездеседі. Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқарушылар қандай жұмыстар атқаруда? Толығырақ бейне сюжетте.
Қала аумағында шомылуға рұқсат етілген үш орынның бірі – Рахат-Бадам демалыс аймағы. Мұнда тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Ал рұқсат етілмеген он үш аумақта арнайы ескерту тақтайшалары мен белгі-таяқшалар орнатылған. Соған қарамастан қауіпке бас тігіп, тыйым салынған жерлерге түсетіндер әлі де бар.
Қауіптің алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар қызметі тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Мамандар демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, төтенше жағдай туындаған кезде әрекет ету жолдарын таныстырды. Мұндай шаралардың басты мақсаты – адам өмірін сақтау және қайғылы оқиғалардың алдын алу.
Шомылуға рұқсат етілген үш орында арнайы құтқарушылар жасағы кезекшілік атқарады. Олар қажетті техникамен және арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар сүңгуірлер су астындағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге әрдайым дайын. Мамандар тұрғындарды тек арнайы белгіленген орындарда ғана демалуға шақырады.