Шаһарда шомылуға рұқсат етілген үш орын бар. Одан өзге жерде суға түскен азаматтарға әкімшілік шара қолданылады. Бұл туралы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларына арналған брифинг барысында айтылды. Қазір қалада судағы қауіпсіздікке бағытталған профилактикалық жұмыстар күшейтіліп жатыр. 
Брифинг барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары Руслан Орынбеков судағы қауіпсіздік мәселелері бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, республика бойынша судағы жазатайым оқиғалар әлі де тіркеліп жатыр. Дегенмен, 2026 жылы Шымкент аумағында мұндай қайғылы жағдайлар орын алмаған. Қала аумағында жаппай демалысқа арналған 5 ресми орын белгіленген. Оның ішінде тек 3 орында ғана шомылуға рұқсат берілгені ескертілді. Сонымен қатар, жазғы маусымда шамамен 20 аквапарк пен бассейн жұмыс істейді. Құтқарушылар рұқсат етілмеген жерлерде суға түсу аса қауіпті екенін қатаң ескертуде.
Жыл басынан бері үшінші мегаполисте 101 рейд өткізіліп, 13 мыңнан астам адам қамтылған. Күн сайын жүргізілетін түсіндіру жұмыстары тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған. Бүгінде «112» қызметі арқылы ескерту SMS-хабарламалар жіберіліп, ақпараттық жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ LED-экрандар мен әлеуметтік желілерде арнайы бейнероликтер көрсетілуде. Мамандар судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғандарға заң аясында жауапкершілікке тартылатынын айтты.









